Әскердегі әрбір екінші сарбаздың мойнында кемінде 250 мың теңге несиесі бар. Отан қорғауға кеткен азаматтардың миллиондаған қарызын кім төлейді? Қандай жеңілдіктер қарастырылған? Тілшіміз мәселенің мән-жайын білді.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Бүгінде жастардың қарыз батпағына батуына әлеуметтік ортаның қысымы мен тұтынушылық психология себеп дейді сарапшылар. Тапқан табысынан бұрын, қалауын бірінші орынға қоятын жастар ай сайынғы пайызын ойламастан микроқаржы ұйымдарынан ақша алуға құмар. Салдарынан, әскер жасына жеткен азаматтардың басым бөлігі мектеп немесе колледж қабырғасынан-ақ несие тарихын зақымдап үлгереді.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:
Қажеттілік деген бар, қалау деген бар. Басқалардан қалып қоймайын, басқалар қымбат киіммен жүр. Жақсы демалыстарға барып жатыр, мен неге қалуым керек деген сияқты бір психологиялық тұрғыда несиені алып қояды да. Қалауының еркіне еріп, несиеге кіріп кетеді. Өзіне кел дегенде 24 сағат беру керек.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Жыл сайын әскерге аттанған ондаған мың сарбаздың мойнындағы міндеттеме уақытша тоқтатылады. Бұл үшін банктердің табалдырығын тоздырып, анықтама тасудың да қажеті жоқ. Қорғаныс министрлігі мен Несие бюросының ақпараттық жүйелері көрсеткендей, бұл жұмыс бүгінде автоматты түрде, еш кедергісіз жұмыс істеп тұр.
ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ:
Соңғы екі жылда елімізде 82 мыңнан астам сарбаздың 23 жарым миллиард теңге несиесі уақытша тоқтатылды. Ал биылдың өзінде 30 мың азаматтың 7,5 миллиард теңге боршы «қатырылып» отыр. Ережеге сай, бұл жеңілдік әскердегі кезеңді және елге оралғаннан кейінгі 60 күнді қамтиды. Бұл аралықта ешқандай өсімпұл немесе пайыз жүрмейді. Бұдан өзге, заң бойынша әскерде жүрген сарбазға жаңадан несие алуға қатаң тыйым салынған.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Әскерде жүрген мерзімде несие төлеу уақытша тоқтатылғанымен, бұл қарыздың жойылуын немесе кешірілуін білдірмейді. Борышын өтеп келген сарбаз 60 күннен кейін бұрынғы кестеге сәйкес төлемді қайта жалғастыруы тиіс.
Алдыңғы жаңалық
Келесі жаңалық
(0)Comments