Павлодар облысының ювеналды сотында 20 жастағы дене шынықтыру нұсқаушысына қатысты үкім шықты. Жас жігіт ерекше балаларға арналған орталықтың 4 жасар тәрбиеленушісіне қатал қарағаны үшін кінәлі деп танылды, бірақ рақымшылық бойынша жазадан босатылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.Не болды?Оқиға былтыр қазанда Екібастұздағы жекеменшік балалар түзету орталығында болған. Бейімделген дене шынықтыру нұсқаушысымен өткен сабақтан кейін аутизм спектрі бұзылған бүлдіршіннің қолы жарақаттанған. Дәрігерлер сүйек шытынағанын анықтап, гипс салып берген.Сол күні қыздың ата-анасы бейнебақылау камерасындағы жазбаны қарап, көргендерінен шошып, полицияға арыз түсірген.Полиция кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау және оған қатыгездікпен қарау фактісі бойынша іс қозғап, тергеу жүргізді.Кінәсін мойындамадыСотта жас жігіт кінәсін мойындамады. Ол түзету орталығында тәжірибеден өткенін айтты. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада ол қыздың аяғына отырып алып, бала тұрмақ болғанда басынан итерген сәтін "ол мені тістеп алды" деп түсіндірді.Алайда сот аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған орталықтағы сабақ кезінде сотталушының күш қолданып, баланы өз еркіне қарсы жаттығулар жасауға мәжбүрлегенін анықтады.Іс бойынша төрағалық етуші судья Жұлдыз Камалованың айтуынша, дене шынықтыру нұсқаушысы қыздың диагнозы туралы білген.
"Бірақ ол кішкентай баланың жағымсыз психоэмоционалды жағдайын елемей, білегінен ұстап, баланың аяғы еденде сүйретіліп бара жатса да, зал ішінде мәжбүрлеп қозғалтқан. Баланың қорғаныс реакциясы, атап айтқанда тістемек болғаны үшін нұсқаушы оны басынан итеріп жіберген, салдарынан бала басымен еденге құлаған", - деді судья.
Оның айтуынша, сонымен қатар сотталушы бүкіл денесімен баланың аяғына отырып алып, ол босап шықпақ болғанда артқа қарай жұлқыған. Заңсыз әрекеттер жарты сағатқа жуық жалғасқан.Сот шешіміСот жас жігітті Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамай, қатыгездікпен қарау" бойынша кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеуге, сондай-ақ үш жылға педагогикалық қызметпен және балалармен жұмыс істеу құқығынан айыруға үкім кесті. Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық негізінде ол жазасын өтемейтін болды.Сот алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылуын және жас ерекшелігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ал кінәліге тәуелді жағдайдағы жас балаға қатысты қылмыс жасауы ауырлататын мән-жай деп танылды.
"Сотталушы негізгі жазаны өтеуден босатылды, өйткені бұл қылмыс аса ауыр емес санатқа жатады және рақымшылыққа ілінеді. Бірақ рақымшылық қосымша жазаға қолданылмайды. Сотталған адам үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 тәулік ішінде есепке тұру үшін пробация қызметіне баруға міндетті", - деп атап өтті судья.
Сонымен қатар ер адам отбасына 500 мың теңге өтемақы төлеуі тиіс. Қыздың анасы үкімнің рақымшылық қолдану бөлігімен келіспейтінін мәлімдеді.
"Рақымшылық қолданыла беретін болса, мұндай қылмыстар жалғаса беруі мүмкін. Азаматтық талап арызға келсек, оның қанағаттандырылғаны жақсы, себебі ол менің бір жыл бойы адвокаттар қызметіне жұмсаған шығындарымды жабады. Ал моральдық зиянға келер болсақ, ашығын айтқанда, қызымның шеккен азабын 500 мың теңгемен бағалай алмаймын", - деді жәбірленушінің анасы Самал Нұрашева.
Әйелдің айтуынша, қазір 5 жасар қызы ұзақ уақытқа созылған оңалтудан өтіп жатыр. Қыз бала Екібастұздағы мемлекеттік балабақшаға және мамандандырылған түзету орталығына барады.Анасының сөзінше, қабылданған ем мен күнделікті сабаққа қарамастан, балада психологиялық зақым салдары - ұйқының бұзылуы және бейтаныс адамдардан қорқу сақталып қалған.
(0)Comments