Жетісу облысында мал қыстатуға қажетті 2 млн 128 мың тонна жемшөп дайындалды. Бұл жоспарланған көлемнің шамамен 87%. Қажетті жемшөп қорын дайындау жұмыстары жалғасып жатыр, бұл ретте оның негізгі көлемі әзірленді, –
деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2026-2027 жылғы қысқы мерзімге өңірде 2 млн 450 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Оның 1 млн 442 мың тоннасы шөп, 351 мың тоннасы сабан, 130 мың тоннасы пішіндеме, 210 мың тонна сүрлем, 317 мың тонна жемдік астық.
— Бүгінгі күнге 1 млн 357 мың тонна шөп, 304,2 мың тонна сабан, 107,3 мың гектар сүрлем, 229,9 мың тонна жемдік астық жиналды. Сонымен қатар 130 мың тонна пішендеме басылды, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Осылайша, өңірде мал қыстатуға дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Қысқы мерзімде малды қажетті азық қорымен қамтамасыз етуге керекті жемшөп көлемі белгіленген мерзімде толық дайындалады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
(0)Comments