Ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында New Mining Ltd компаниясы ресми тіркелді. Жаңа ұйымның негізгі қызмет бағыттары ретінде холдингтік қызмет, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру, барлау және іздестіру жұмыстары көрсетілген.
New Mining Ltd компаниясының басшысы әрі президенті — Махмұд Қасымбеков. Сонымен қатар ол тау-кен өндірісі саласындағы басқа да бірқатар активтерге иелік етеді. Атап айтқанда, 11 тамызда АХҚО-да Zhetisu Resources Ltd компаниясы тіркелсе, бұдан бұрын ол Shygys-Zhetisu Minerals құрылымына иелік еткен. Аталған компания М. Қасымбековтің ұлы Ардақпен бірге Семей ядролық қауіпсіздік аймағында орналасқан Шор Шығыс мыс-молибден кен орнын игеруге басым құқық алған «Шығыс Молибден» кәсіпорнының қосалқы құрылтайшысы болып табылады. Сондай-ақ оның иелігінде «Жетісу Минерал Ресорс» және «Ұлытау Алтындары» секілді тау-кен активтері бар.
Айта кетейік, Махмұд Қасымбеков 1996 жылдан бастап ҚР Президентінің кеңсесінде еңбек етіп, 2004–2019 жылдары оны басқарды. Ал 2019 жылдың наурызынан бастап Тұңғыш Президент – Елбасы кеңсесінің басшысы лауазымын атқарған.
(0)Comments