Қазақстанда жұмысқа жарамды 9 млн 800 мың адам бар. Оның 96 проценті екі қолға бір күрек тауып, нәпақасын айырып жүр. Дегенмен еңбек нарығында жұмысшы мамандарға сұраныс артып келеді. Яғни, машина жөндеп, тігін тігіп, дәнекер жасайтын қарапайым еңбек иелері жетпейді. Үкімет еңбек нарығындағы олқылықтарды қалай реттемек? Әріптесім Айсәуле Съезбек министрлердің жоспарын тыңдап келді.
Құрылтай сайлауынан соң қайта жасақталған Үкімет бүгін алғашқы отырысын өткізді. Премьер-министр жаңадан тағайындалған 4 министрді таныстырды. Үкіметке тұңғыш рет қабылданған Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов елге адал қызмет етем деп ант берді. Қалған тіс қаққан сала басшылары бірден іске кірісті. Күн тәртібінде нарық сұранысына сай кадр даярлау мәселесі сөз болды.
АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
Жыл басынан бері электронды биржа порталында жұмыс берушілермен 845 мың бос орындар жарияланды. Оның 432 мыңы – жұмысшы мамандықтар. Жалпы азаматтарымыз 60-70% дейін сол портал арқылы жұмыс табады. Бірақ 30-40 %-дай жұмыс орындары толмайды. Себепті жұмыс берушілер шетел жұмысшыларын тартады.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Он жыл ішінде елімізде кадр тапшылығы 3 млнға жуықтайды. Әсіресе, жұмысшы мамандарға деген сұраныс еселеп артпақ. Қазақстандықтар қара жұмыстан қашады. Сондықтан жыл сайын шетелден 300 мың еңбек мигранты келеді. Олжас Бектенов Жаңа жасақталған Үкімет мүшелеріне еңбек нарығындағы сұранысты қалайда реттеуді тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Яғни, жұмыс жасаймын деген адамға жұмыс әрдайым табылады. Мыңдаған адамдарды шетелден алып келуге мәжбүрміз. Жұмыс тоқтап қалмасын деп. Солай ма? Бұны дұрыстап халыққа түсіндіру керек. Жұмыс жоқ деген сөз болмау керек елімізде.
Қазір құрылысқа - 16 200, өңдеу өнеркәсібіне - 14 400, көлік саласына - 57 мың маман қажет. Жасанды интеллект еңбек картасын сәт сайын өзгертіп жатыр. Алдағы жылдары 125 мамандық жойылады. 100-і өзгереді. 200 тың табыс көзі пайда болады.
Сондықтан Үкімет колледжде кәсіптік білім беруді жүйелі қолдап, реформалауға кіріскен. Нәтижесінде, соңғы 3 жылда салаға бөлінген қаржы көлемі 34%-ке, тегін оқу гранты 48 мыңға көбейген. Мамандық бойынша жұмысқа орналасқан түлектер көрсеткіші- 68 %.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Оқыту 188 мамандық бойынша жүргізіледі. Сұраныстың болмауына байланысты 32 мамандықты, оның ішінде 41 жұмысшы біліктілігін алып тастау қарастырылуда. Еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейтін 66 білім беру бағдарламасы тізілімнен шығарылды.
Еңбек министрі 2035 жылға қарай өнеркәсіпте 183 мың, құрылыста 102 мың, ауыл шаруашылығында 73 мың, IT-да 12 мың маман тапшылығы туындайды дейді.
Мәселені шешу үшін жұмысшы мамандарға бірнеше қабілет қатар оқытылады. Биыл сондай жан-жақты оқу бағдарламасына 600 мамандық көшеді.
Алдыңғы жаңалық
Келесі жаңалық
(0)Comments